Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақша, талон, электрондық құрылғылар: БҚО-да ұрлық жасаған күдіктілер құрықталды

Оралда криминалдық полиция қызметкерлері бірқатар мүліктік қылмыстың бетін ашты. Жедел-іздестіру шаралары барысында қала аумағында бірнеше ұрлық жасаған күдіктілер анықталып, ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгілі болғандай, түнгі уақытта екі ер адам маска киіп, пластикалық терезені итеріп, кафелердің біріне кіріп, 380 мың теңге көлеміндегі ақшаны ұрлап кеткен. Сонымен қатар олардың жеке ұйымның кеңсесінен ноутбук, ақша, жанар май талондарын және жалпы құны 388 мың теңгені құрайтын электр құралдарын ұрлауға қатысы бар екені анықталды.

Сондай-ақ ломбардқа сатып алушы кейпінде келіп, теледидарды ұрлап кеткен екі ер адам қолға түсті. Олардың заңға қайшы әрекеттері бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Ұрланған мүліктің бір бөлігі тәркіленді. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық ұсталған күдікті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру