“Ақшаңды еселеп беремін”: Шымкентте интернет-алаяқ ұсталды
Шымкентте ақшаңды еселеп берем деп тұрғындарды қармағына түсірген интернет-алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ер адам өз алаяқтықтарын жүзеге асыру үшін мессенджерлердің бірінде топ құрып, әлеуметтік желілердегі жарнама арқылы азаматтарды қосып отырған. Қаскүнем жәбірленушілерге букмекерлік кеңселердегі мөлшерлемелер арқылы түрлі ұтыс чектерінің фотосуреттерін көрсете отырып, олардың сеніміне кіріп, өзіне аударатын ақшаны екі еселеуге уәде берген.
Абай ауданының Полиция басқармасына бір адамға қатысты интернет-алаяқтық бойынша арызбен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының алты тұрғыны жүгінді. Алаяқ олардан екі млн теңгеге жуық қаражат алған.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Тәртіп сақшылары алаяқтыққа қатысы бар адамды анықтау мақсатында бірқатар жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Жәбірленушілерден жауап алып, олардың ақша аударымдарын тексерді. Нәтижесінде, ер адам анықталып, жедел уәкілдер оны тұрғылықты жері бойынша ұстады. Қазіргі таңда ол қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.