Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақсу ауданында дүкенге ұрлыққа түскен күдікті қамауға алынды

Алматы облысының Ақсу ауданында дүкенге ұрлыққа түскен күдікті қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақсу ауданының 27 жастағы тұрғынының ішімдікке сылқия тойып, жергілікті дүкенге ұрлыққа түскені әшкере болды. Қылмыстың мән-жайын толығымен анықтаған тәртіп сақшылары дүкен иесіне хабарласып, болған жайтты айтқан. Мүлкінің ұрланғанынан бейхабар дүкен иесі ұрлық дерегі бойынша полицияға арыз жазды.

– Күдіктінің жақындары түнде бізге хабарласып, оның масаң күйде қылмыс жасауы мүмкін екенін айтты. Өйткені, ұсталған жігіт үйіне 160 қораптан астам темекі әкелген. Жақындарының күдігі расталып, акциздік тауардың жақын маңдағы дүкеннен ұрланғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес таратылмайды, – деді Ақсу ауданы ПБ бастығының міндетін атқарушы Айдос Қалжатбай.

Алдын ала тексеру барысында мас тұрғынның дүкен терезесін түнде қолмен жұлып алғаны белгілі болды. Дүкенде ақша көп болмағандықтан, ол сатылымдағы темекі өнімдерін алып кеткен.

Дүкен иесіне 100 мыңнан астам материалдық шығын келтірілгенімен, жақындары мен полицейлердің жылдам әрекеттерінің нәтижесінде ұрланған заттар толығымен кері қайтарылған.

– Ұсталған жігіт бұған дейін полицейлердің назарына ілікпеген. Ащы су ақылынан айырып, қылмысқа барған. Сонымен қатар, аудан тұрғындарына өз мүліктерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қауіпсіздік шараларын күшейтуді сұраймын. Қазір бұл бағыттағы заманауи техника өте көп. Бұған дейін де бізде дүкен ұрысы оқиға орнында қолға түскенін жақсы білесіздер. Ол кезде дабыл белгісі хабар берген болатын, – деп толықтырды Айдос Қалжатбай.

Полицейлер күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Ол сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру