Ақтауда есірткі қылмысына қатысы бар азаматтар сотталды
Ақтауда есірткі қылмысына қатысы бар азаматтар сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2024 жылдың шілде айында Ақтау қаласында 25 жастағы «А» азаматшасы ұсталды. Ол Telegram дүкендерінің біріне «курьер» болып жұмысқа орналасып, есірткіні сақтау және сату ісімен айналысқан.
Тінту шаралары барысында 200-ден астам бір реттік дозадағы синтетикалық «альфа-PVP» есірткісі, сондай-ақ орау материалдары (ziplock пакеттері, изолента, электронды таразылар, магниттер және басқа да құралдар) мен курьер ретінде жұмыс істегені туралы мәліметтер бар телефон алынды.
2024 жылдың тамыз айында Қарағанды қаласынан Ақтау қаласына келген 29 жастағы «И» азаматшасы ұсталды. Ол Telegram дүкендерінің бірінде есірткі жасырып кетуші болып жұмыс істеген. Тінту барысында 26 түйіншек мефедрон есірткісі мен Telegram дүкендерінің операторымен жазысқан хат-хабарлары бар телефон алынды.
2024 жылдың қыркүйек айында 17 жастағы кәмелетке толмаған «А» азамат ұсталды. Ол да наркобизнеске тартылып, Ақтау қаласындағы Telegram дүкендерінің бірінде есірткі жасырып кетуші болып жұмыс істеген. Тінту барысында 24 түйіншек «альфа-PVP» есірткісі мен осы есірткі сатылғаны туралы мәліметтер бар телефон алынды.
Барлық үш қатысушы да Қазақстан Республикасының қылмыстық Кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде өтейтін болады.
Облыстың есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы есірткі айналымын тоқтату және наркобизнеске қатысы бар тұлғаларды ұстау бойынша белсенді күресін жалғастырады.