Ақтауда есірткі заттарын заңсыз сақтау және өсіру дерегі анықталды
Ақтауда есірткі заттарын заңсыз сақтау және өсіру дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қаңтарда жедел іздестіру іс-шаралары барысында Маңғыстау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесі мен "Бүркіт" арнайы жасағының қызметкерлері Ақтау қаласында есірткі заттарын заңсыз сақтау және өсіру дерегін анықтады.
Күдікті азамат тоқтатылып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес куәгерлердің қатысуымен жүргізілген жеке тінту барысында марихуанаға ұқсас зат тәркіленді. Одан әрі күдіктінің тұрғылықты мекенжайы бойынша жүргізілген тінту кезінде12 түп қарасора өсімдігі, кептірілген каннабис, арнайы жарықтандыру құралдары, желдеткіштер, қуат көздері, сондай-ақ есірткі тұтынуға арналған қолдан жасалған құрылғы анықталып, тәркіленді.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, күдікті тұлғаның есірткі затын қолданғаны анықталды. Қазіргі таңда тәркіленген заттарға сараптама тағайындалып, олардың жалпы салмағы 416,6 грамм екені анықталды.
Сондай-ақ 10 қаңтарда жедел ақпарат негізінде Маңғыстау облысы аумағында жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, нәтижесінде есірткі заттарын заңсыз сақтау және тасымалдау дерегі анықталды.

Ақшұқыр ауылы маңында табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері күдікті тұлғаны тоқтатты. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес және куәгерлердің қатысуымен жүргізілген жеке тінту барысында есірткі заты салынған пакеттер тәркіленді.

Аталған дерек бойынша есірткі заттарын ірі және аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция азаматтарды есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертіп, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
