Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтауда Кемел Жұмашевке арналған мемориалдық тақта қойылды

Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Ақтауда милиция полковнигі Кемел Жұмашевке өзі қызмет етіп, әрі басқарған Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ғимаратының алдына мемориалдық тақта қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Ескерткіштің ашылуына Кемел Жұмашевтің туыстары мен қызметтегі үзеңгілестері қатысты.

– Ол кісінің бізге сіңірген еңбегі көп. Осы күзет қызметі басқармасының ғимаратын салған. Талай жігіттерге тәрбие берген. Кейінгі ұрпақ алдыңғы буын ағалардың ел үшін қандай қызмет атқарғанын біліп жүрсін деп осы мемориалдық тақтаны орнатып жатырмыз. Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, жұбайы Қарлығаш апамыз, ұл-қыздары қатысып отыр, – деді Маңғыстау облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы Сапархан Жақсылықұлы.

Ғұмырын ішкі істер органдарында қызмет етуге арнаған ардагердің еңбегі ерен. Маңғыстау облысы қайта құрылған тұста облыстық мамандандырылған күзет қызметін басқарған. Ол басшылық қызмет атқарып қана қоймай, полицейлердің жаңа буынын тәрбиелеуге үлес қосқан. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

– Кемекеңнің істеген еңбегін елеп, әріптестері мен жолдастары бүгін үлкен шаруа бітіріп жатыр. Сіздерге мың да бір рақмет! Отбасымызбен басымызды иеміз. Ризамыз өте, – деді Кемел Жұмашевтің жұбайы Қарлығаш Жұмашева.

Антына адал, әскери борышына берік, кәсібилігі мен шеберлігі бір төбе болған Кемел Жұмашевтің қызмет жолы бүгінгі жастарға үлгі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру