Ақтауда оқушылар арасындағы жанжалдар мен буллинг мәселелері талқыланды
Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ильяс Жұмағұлов Ақтау қаласындағы мектептер мен колледждердің директорларымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында білім беру ұйымдарындағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектепішілік төбелестер мен буллингтің алдын алу мәселелері қаралды.
Тараптар жасөспірімдер арасындағы агрессияның себептері, жанжалдарды ерте анықтау маңыздылығы, сондай-ақ оқу орындарында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудағы педагогтердің рөлі туралы пікір алмасты. Сонымен қатар мектептер, құқық қорғау органдары және ата-аналар арасындағы тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту, оқушылармен тұрақты түрде түсіндіру әңгімелерін өткізу және буллинг пен зорлық-зомбылық фактілеріне жедел әрекет ету бойынша нақты ұсыныстар берілді.