Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтауда полицейлер интернет-алаяқтыққа арналған SIM-box типіндегі құрылғыны әшкереледі

Ақтауда интернет-алаяқтыққа арналған арнайы жабдықтың қолданылуы әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысының полиция департаменті киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өңір прокуратурасының үйлестіруімен және байланыс операторының қолдауымен интернет желісінде алаяқтық әрекеттер жасауға пайдаланылған арнайы жабдықты анықтап, тәркіледі.

Жедел іс-шаралар барысында ұялы байланыс арқылы жаппай қоңырау шалуға мүмкіндік беретін SIM-box типіндегі құрылғы табылды. Тексеру нәтижесінде оның азаматтарды алдау және олардың ақшалай қаражатын заңсыз иемдену мақсатында ұйымдастырылған алаяқтық схемалар аясында қолданылғаны белгілі болды.

Сонымен қатар полицейлер заңсыз "колл-орталық" қызметінде пайдаланылған SIM-карталарды, роутерлерді, ұялы телефондар мен компьютерлік техниканы тәркіледі.

Алдын ала деректер бойынша, бұл жабдық арқылы Қазақстан азаматтарына мыңдаған жалған қоңырау шалынған. Күдіктілер өздерін қаржы ұйымдарының өкілі ретінде таныстырып, жылдам табыс табу немесе инвестиция салу туралы ұсыныстар жасаған.

Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция азаматтарды барынша сақ болуға және күмәнді қаржылық ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Егер сізге инвестиция салу немесе оңай пайда табу туралы күмәнді хабарлама не қоңырау келіп түссе — ақша аудармаңыз және дереу полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру