Ақтауда полицейлер үш бүлдіршінді құтқарды: көпқабатты үйдің жертөлесінен өрт шықты
Ақтаулық полицейлер өрт шыққан көпқабатты үйден үш бүлдіршінді құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 мамыр күні түскі уақытта 34-шағын аудандағы үйлердің бірінен өрт шыққандығы жөнінде шақырту түсті. Шақырту құрамында полицей Рыскелді Маденов пен Жанболат Орынбасаров болған патрульдік полиция батальонының “Сұңқар-9” жасағы барды.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына жеткенде тұрғындардың барлығы дерлік үйден шыққан екен. Алайда әйел адам тәртіп сақшыларынан көмек сұрап, өзінің дүкенге кеткенде үйдің ішінде үш баласының қалғандығын, олардың ең кішісі 4-5 айлық екендігін айтып, оларды алып шығуды өтінді.
Анықталғандай, өрт сол подъездің жертөлесінен шыққан.
Рыскелді балалардың анасынан кілтті ала сала, шапшаң қимылдап, дымқыл сүлгіні алып балалар кілттенген пәтерге қарай бет алды. Кішкентай сәбидің бетіне дымқыл сүлгіні жауып, басқа балаларын үйден шығарып, аман-есен анасына табыстады.
– Кішкене бүлдіршіндердің пәтер ішінде қалып қойғандығын естігенде, бар ойым еш қауіп төндірместен соларды аналарына әкеліп табыстау болды. Балалар шошынып қалама деп өзім де тез алып шығуға барынша тырыстым, – дейді полицей Рыскелді Маденов.