Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтауда тәртіп бұзған пробация есебіндегі сотталған қамауға алынды

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты Ақтау қалалық пробация қызметінде есепте тұрған азамат тәртіп бұзғаны үшін бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұған дейін ол ҚР ҚК-нің 191-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын. Кейін сот шешімімен бұл жаза 2 жыл 10 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырылып, пробация есебіне қойылған.

Алайда пробацияда тұрған кезеңінде ол бірнеше мәрте тәртіп бұзып, заңды талаптарды орындамаған. Тексеру барысында тұрғылықты жерінде болмай, инспекторлардың рұқсатынсыз басқа қалаға кеткені анықталды. Жасалған құқық бұзушылықтары үшін оған бірнеше рет ресми ескерту жасалғанымен, ол тәртіпке бой ұсынбаған. Осыған байланысты пробация қызметі сотқа тиісті ұсыныс енгізді.

Ақтау қалалық сотының қаулысымен сотталғанның жазасы бас бостандығын шектеуден бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Ол сот залынан қамауға алынып, жазасының қалған бөлігін өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберілді.

Аталған іс бойынша көрсетілімдік сот процесі ұйымдастырылып, оған пробация есебінде тұрған өзге тұлғалар да қатысты. Шараның мақсаты – сотталғанның тәртіп бұзған әрекеттері үшін заңды салдардың қандай болатынын көрсету және пробацияда тұрған азаматтарды құқық бұзушылықтан сақтандыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру