Ақтаулық оқушылар қылмыстық-атқару жүйесінің қызметімен танысты
Ақтаулық оқушылар тергеу изоляторында болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтау қаласының мектеп оқушылары құқықтық сауаттылықты арттыру мен тәртіпті сақтаудың маңыздылығын ұғыну мақсатында ерекше экскурсияға қатысты. Олар Маңғыстау облыстық тергеу изоляторында болып, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметімен танысты.
Бұл танымдық шара облыстық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды және жас буынға заңның өмірдегі маңызын түсіндіріп, құқық бұзушылықтың салдары жайлы тереңірек ойлануға мүмкіндік берді.
Экскурсия мекеменің жұмыс режимін, қамаудағылардың ұстау ережелерін таныстырудан басталды. Оқушыларға заңды құрметтеудің маңыздылығы мен оның бұзылуы қандай ауыр зардаптарға әкелетінін көрсету шараның басты мақсатына айналды.
Тергеу изоляторының қызметкерлері қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметтің ерекшеліктерін, күнделікті жұмыстың қиындықтары мен жауапкершілігін баяндады. Сондай-ақ, оқушылар мен мұғалімдердің сұрақтарына жауап беріп, құқық қорғау органдарының жұмысы туралы құнды ақпарат ұсынды.
Экскурсия барысында оқушылар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы академиясына түсу мүмкіндіктерімен де танысты. Мамандық таңдау, білім беру бағдарламалары және болашақтағы мансап жолындағы артықшылықтар туралы мәліметтер оқушылардың қызығушылығын оятып, оларға үлкен мотивация сыйлады.
Бұл іс-шара балалардың заңға деген көзқарасын өзгертіп, құқықтық жауапкершілікті сезінуіне ықпал етті. Қызметкерлер заң бұзудың ауыр салдары жайлы айтып, әрбір адамның заңды құрметтеуі – қоғамдағы тыныштық пен әділеттіліктің кепілі екенін ескертті.
Маңғыстау облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыра бермек.