Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтаулық сотталғандар құрылысқа көмек беруде

Ақтаулық сотталғандар құрылысқа көмек беруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сотталғандарды оқшау ұстағанмен, жалпы тіршіліктің тынысынан, қоғамнан біржолата аластатып тастау қателік болар еді. Соттау – жасаған қылмысына сай жазасын өтеу және қайта тәрбиелеу болып табылады.

Осы орайда Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелерде жазасын өтеушілердің өмірге деген құлшынысын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар, еңбекке тарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.

Бұған Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ГМ-172/8 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеушілердің «Универсал Ақтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс жасауы дәлел. Серіктестік басшысы 20 сотталғанды жұмыспен қамтып отыр.

– Жазасын өтеуші сотталғандар пластик терезелер жасап уақтылы жалақыларын алып, мемлекет шығынын өтеуге және жәбірленушіге келтірген шығындарына жалақыларының 50%-ын төлеп келеді. Жазасын өтеушілер мекеме аумағында ашылған «Универсал Ақтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысына және ГМ-172/8 мекеме әкімшілігіне ризашылықпен алғыс айтуда. Жалпы мекемеде жазасын өтеушілерге тәлім-тәрбие беру, олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жан-жақты және тұрақты жүргізіліп келеді, – дейді  САӘПжТЖББ жасақ бастығы Ербол Сарсенбаев.

Ақтау –  құрылыс қарқын алған қала. Сотталған азаматтардың шебер қолынан шыққан пластик терезелер Ақтаудың көрікті үйлерін тереземен қамтамасыз етуге пайдаланылуда.  Серіктестік үй құрылысын салушы компаниялармен өзара келісім жүргізіп, өз өнімдерін нарыққа белсенді шығарып келеді. Жырақта жазасын өтеп жүрсе де ел дамуына қанатымен су сепкен қарлығаштай болып өз үлестерін қосқанына сотталушылар да ырза.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру