Ақтаулық жүргізуші қызылордалық полицейлерге алғысын білдірді
Көлігі бұзылып жолда қалған жүргізуші көмек қолын созған полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 желтоқсан күні Ақтау қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Нұрмағамбетов әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде Қызылорда облысының ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлеріне жолда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
Жүргізуші Ақтау қаласынан Шымкент қаласына жүк көлігімен келе жатқан. Ауа райының кенеттен нашарлауына байланысты және техникалық ақаулардың салдарынан оның жүк көлігі «Шымкент-Самара» тас жолының 1781 шақырымында тоқтауға мәжбүр болған.
3 күн бойы Қызылорда облысы ПД патрульдік полиция ротасының инспекторлары Руслан Мұханбетов пен Жомарт Байбол жолда қалып қойған жүк көлігінің жүргізушісіне ақауларды жоюға, қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізуге көмек көрсетіп, оны күнделікті тамақпен қамтамасыз еткен.
Жүргізуші өз тарапынан полицейлерге алғысын білдіріп, еңбекте толағай табыстарға жетуді тіледі.
Ауа-райының тұрақсыздығына байланысты Қызылорда облысының Полиция департаменті жүргізушілерге барынша мұқият болуды ескертеді. Ұзақ сапарға шығар алдында автокөліктің техникалық жағдайын тексеріп, күтпеген жерден жолда болатын көптеген жағдайлардың алдын алуды, оқыс оқиғалар орын алған жағдайларда шұғыл қызметтерге немесе полицияға қоңырау шалуды сұрайды.