Ақтөбе облыстық ПД-да «Бір шаңырақ астында» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді
Ақтөбе облысының полиция департаментінің базасында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне байланысты «Бір шаңырақ астында» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дөңгелек үстелде департамент басшылығы полиция қатарында абыройлы қызмет етіп жүрген этнос өкілдерімен кездесті. Сонымен қатар шараға облыстық тілдерді дамыту басқармасының, тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері және Қазақстан халықтары ассамблеясының өкілдері шақырылды.
Кездесу барысында департамент басшылығы қызметкерлерді бірлік күнімен құттықтады. Шараға орыс, татар, украин, ұйғыр, тәжік, белорус, неміс, болгар, әзірбайжан, башқұрт, лезгин т.б. ұлттардың өкілдерінен полиция қызметкерлері қатысты. Олар қазақ тілінде сөз сөйлеп, өздерінің қызметі мен отбасы туралы айтып, қызықты оқиғаларымен, тіл үйренудегі өз тәжірибелерімен бөлісті.
– Діні басқа, тілі басқа, тілегі бір, бір шаңырақ астында жиналған ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы – ырысы, байлығы – берекесі болып, татулығы жарасқан біздің елде өмір сүріп жатқаны жүректерге сенім, көңілдерге қуаныш ұялатады. Ал осындай айтулы мерекенің насихатталуы мен дәріптелуіне өз үлестеріңізді осылайша қосып жатқандарыңыз тіптен қуаныш сыйлайды, – деді департамент басшысы Абай Жусупов.
Облыстың бас полицейі қызметте жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, ұлттар татулығын нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерді алғыс хатпен марапаттап, қызметтеріне табыс тіледі.