Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облыстық ПД-да "NEO – болашақтың сақшылары" атты жаңа жобаны іске қосу мәселесі талқыланды

Ақтөбеде полицейлік сынып ашу жоспары талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысының полиция департаментінде "NEO – болашақтың сақшылары" атты жаңа жобаны іске қосу мәселесі бойынша жұмыс отырысы өтті.

Жиынға полиция департаментінің өкілдері, "Білім" мектеп-гимназиясының әкімшілігі және Ақтөбе заң институтының өкілдері қатысты.

Кездесуде 9–11-сынып оқушыларына арналған полицейлік сынып ашу мәселесі қаралды. Бұл бастама – оқушылар үшін болашақ мамандықты ерте таңдауға, құқық қорғау саласының қыр-сырымен танысуға мүмкіндік беретін маңызды қадам болмақ.

Жоба аясында оқушылар құқық негіздері, дене дайындығы, шешендік өнер және өмірге қажетті басқа да пәндер бойынша тереңдетілген білім алады. Сабақтарда құқық қорғау органдарынан келген мамандар, ішкі істер саласының ардагерлері мен жоғары оқу орындарының өкілдері өз тәжірибелерімен бөліседі.

"Білім" мектеп-гимназиясының директоры Айгүл Арынгазиева өз сөзінде:

- Бұл – біздің оқушылар үшін үлкен мүмкіндік. Полицейлік сынып – тек жаңа пәндер ғана емес, бұл – жауапкершілікке, тәртіпке, патриоттық сезімге тәрбиелеу. Балалар өз болашақтарын саналы түрде таңдай алады, – деді.

Жоба 2025–2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Оқушыларға құқық қорғау органдарында қызмет ету жолдарын зерттеуге, кәсіби бағдар алуға және болашаққа сенімді қадам жасауға жағдай жасалады.

Полицейлік сыныптың оқушылары түрлі құқықтық, спорттық, патриоттық іс-шараларға қатыса алады, полиция бөлімшелеріне экскурсиялар ұйымдастырылады. Бұл – азаматтық белсенділік пен жауапкершілікті бойына сіңірген жаңа буын тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама.
Кеңес қорытындысы бойынша "Білім" мектеп-гимназиясында алғашқы полицейлік сыныпты жаңа оқу жылының басында ашу туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру