Ақтөбе облыстық ҚАЖ қызметкерлері қоян-қолтық ұрыстан өткен чемпионатта жүлделі орынға ие болды
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкерлері облыс бойынша Құқық қорғау және арнайы органдар мен күштік құрылым қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан өткен чемпионатта жүлделі 3-орынға ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының полиция департаментінің ұйымдастыруымен, құқық қорғау және арнайы органдар мен күштік құрылым қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан өткен облыстық чемпионатқа Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің командасы атынан 4 түрлі салмақтағы 4 қызметкер қатысты. Әр салмақта 16 адамнан құралған іріктеу кезінде топты жарып шығып, қоян-қолтық ұрыс кезінде 57 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Бауыржан Амангелді 3-орынға және 88 келі салмақта Данияр Нуралин де 3-орынға ие болды.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №9 түзеу мекемесінің бақылаушы қызметіндегі Бауыржан Амангелді ҚАЖ саласында 2 жылдан бері, ал Ақтөбе қаласының Астана ауданы бойынша пробация қызметі бөлімінің инспекторы Данияр Нуралин ішкі істер органдарында 10 жылдан бері қызмет етіп келеді. Аталған қызметкерлер бұған дейін де ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өткен чемпионаттардан жүлделі орындармен оралған болатын.
ҚАЖ қызметкерлері алдағы күндері Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ұйымдастыруымен Щучинск қаласында ҚАЖ қызметкерлері арасында өтетін чемпионатқа қатысатын болады.