Ақтөбе облыстық ҚАЖД-да ардагерлер мен жас мамандардың кездесуі өтті
Ақтөбе облыстық ҚАЖД-да ардагерлер мен жас мамандардың кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлерінің қатысуымен ардагерлер қоғамының төрағасы және ардагерлермен маңызды кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас қызметкерлерге кәсіби бағыт-бағдар беру, тәлімгерлік институтының маңызын арттыру, ардагерлердің мол тәжірибесін насихаттау және қызметтік сабақтастықты нығайту болды.

Кездесу барысында ардагерлер қоғамының төрағасы сөз сөйлеп, жас мамандарды адал қызмет етуге, кәсіби жауапкершілік пен тәртіпті сақтауға шақырды. Ардагерлер өздерінің қызметтік жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, қызмет барысында кездесетін қиындықтарды еңсеру жолдары туралы құнды кеңестер берді.

Сонымен қатар жиын барысында 2025 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ардагерлер қоғамының қызметі бойынша есеп берілді. Өткен жылы жүзеге асырылған іс-шаралар, ардагерлерге көрсетілген әлеуметтік қолдау, жастармен жүргізілген патриоттық және тәрбиелік жұмыстар атап өтілді.

Іс-шара аясында ардагерлер арасынан тәлімгерлер кеңесінің төрағасы мен кеңес мүшелерін сайлау рәсімі өткізілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша кеңес құрамына тәжірибесі мол, беделді ардагерлер сайланып, алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттары айқындалды.
