Ақтөбе облысы аумағында мал ұрлығының 42 фактісі тіркелді
Жыл басынан бері Ақтөбе облысы аумағында мал ұрлығының 42 фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жүк және жеңіл автокөліктер тексерілді. ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзушылықтың 56 дерегі анықталды.
Сондай-ақ мал ұсталатын жерлер тексерілді. Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бұзу) бойынша 88 бұзушылық анықталды. Осы фактілер бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мал ұрлығының 5 фактісі анықталды, оның 4-еуі бұрын жасалған қылмыс.
Жыл басынан бері облыс аумағында мал ұрлығының 42 фактісі тіркелді, оның жартысынан көбі ашылды.
«Мал ұрысы» ЖПІШ-ның мақсаты – ауыл шаруашылығы жануарларын сату, сою, сақтау орындарын анықтау, сою пункттерін, иесіз жүрген малды тексеру және малды заңсыз тасымалдауды анықтау, сондай-ақ ет өнімдерін сататын базарларды, қабылдау-сату орындарын аралай отырып, ұрланған малдың терісін, етін табу мәніне тексеру болып табылады. Ет өнімдерін жеткізушілердің тиісті құжаттарының болуы да тексерілді.
Бұл жұмысты полиция қызметкерлері жергілікті ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекцияларының өкілдерімен бірлесіп жүргізді.