Ақтөбе облысы бойынша 461 пәтер ұрлығы тіркелді
Ақтөбе облысы бойынша 461 пәтер ұрлығы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл сайын елімізде пәтер ұрлығына байланысты ондаған мың қазақстандық полицияға арызданады. Ұрлық схемасы әрқашан басқаша көрінеді. Қылмыскер негізгі кілттің көмегімен де, түрлі амалдарға жүгініп, пәтерге кіре алады.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында Ақтөбе облысы бойынша 461 пәтер ұрлығы тіркелді, оның 262-сі ашылды.
Тұрғын үйге кірумен байланысты азаматтардың мүлкін ұрлаудың алдын алу және қылмысты ізін суытпай ашу ішкі істер органдарының маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді. Учаскелік полиция инспекторлары бекітілген әкімшілік аумақтық учаскелерде сақтық шаралары туралы тұрғындармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Учаскелік инспекторлар тұрғындарға пәтерлерін, әсіресе бірінші және соңғы қабаттарда орналасқан пәтерлерде терезелер мен балкондарды бекіту қажет екенін түсіндіреді. Арнайы брошюралар, буклеттер және сақтық шаралары көрсетілген жадынамалар таратылады.
Көп жағдайда қылмыстың осы түрін жасаған қылмыскерлердің негізгі контингенті, әдетте, бұрын сотталған, басқа қалалардан келген адамдар.
Тәжірибе көрсеткендей, тұрғын үйді қорғаудың сенімді әдісі үйден тыс күзет пультіне қосылған дабылдар, көршінің бақылауы (көршіңізден сіз болмаған кезде сіздің үйіңізге қарайлауын сұраңыз). Алайда, көп қабатты үйлерде жасалған пәтер ұрлығына жүргізілген талдау негізінде барлық жағдайда бейнебақылау жүйесі болмағаны анықталды.
Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының аумағында «Бұлтты бейнебақылау» жүйесі жұмыс істейді. Бұл қызметті «Қазақтелеком», «Факториал» фирмалары ұсынады. Бұл қызмет кіреберістерді, сондай-ақ көше жағынан кіреберістерді бейнебақылаумен жабдықтауды ұсынады. Осы қызметтің құнына тек ай сайынғы абоненттік төлем (пәтерден 500 теңгеден артық емес) кіреді.
Мысалы, ағымдағы жылдың 18 қыркүйегінде кешкі уақытта Ақтөбе қаласының 38 жастағы тұрғыны «Ромашка» бау-бақша ұжымындағы үйдің бірінің есігінің құлпын бұзу арқылы үй-жайға кіріп, үй иесіне тиесілі жеке мүлікті ұрлады.
Алдын ала тергеу жүргізу барысында ұсталған азамат бұл әрекетін мойындады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ, ұсталған азаматтың пәтер ұрлығына қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция департаменті азаматтарға сақтық шараларын қабылдауға, сенімді есіктер, құлыптар мен дабыл жүйелерін орнатуға кеңес береді. Қауіпсіздік шығындары ықтимал шығынмен салыстырғанда ештеңе емес!