Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД бастығы кешкі мектеп пен көпсалалы колледждің жұмысымен танысты

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев, арнайы прокурор Нұрбек Ильясов, облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің басшысы Руслан Уразбаев және оның орынбасары Қанат Алпысбаев ҚАЖД №8 мекемесі жанындағы кешкі мектеп пен көпсалалы колледждің жұмысымен танысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД №8 мекемесі жанындағы кешкі (ауысымдағы) мектеп 2024–2025 оқу жылын 63 оқушымен бастады. Білім беру үдерісі 6 сынып-комплекті бойынша ұйымдастырылған: оның ішінде 4 сынып – қазақ тілінде, 2 сынып – орыс тілінде оқытылуда. Осы жылдың 15 мамырына қарай оқушылар саны 45-ті құрады.

Шолу барысында қатысушылар мұғалімдер бөлмесін, психолог кабинетін, орыс тілі, қазақ тілі, тарих, биология және химия, ағылшын тілі пән кабинеттерін, сондай-ақ кітапхананы аралап шықты. Оқушылардың дәптерлері мен жазба жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар кітапханадағы оқулықтармен бірге көркем әдебиеттер қоры да қаралды.

Мекеме жанындағы Ақтөбе көпсалалы колледжінде бүгінде 41 білім алушы оқып жатыр. Колледжде 3 мамандық бойынша 4 оқу тобы жұмыс істейді: “Жиһаз өндірісі”, “Дәнекерлеу ісі”, “Тігін өндірісі және киім үлгісі”.

Қатысушылар оқу орнының тігін цехы мен темір-бетон бұйымдарын шығаратын өндірістік цехын аралап, студенттердің тәжірибелік білім алу жағдайымен танысты.

Сонымен қатар қазіргі таңда мекеме аумағындағы өндірістік аймақта 13 кәсіпкер өз қызметін жүзеге асыруда. Оның ішінде 9-ы – жеке кәсіпкер, 4-і – жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Жалпы саны 263 сотталған өндірістік жұмыстарға тартылған.

Кездесу қорытындысында мектеп және колледж басшылығына қатысушылар тарапынан бірқатар тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, оқу үдерісін жетілдіру, материалдық-техникалық базаны нығайту, білім алушыларға арналған көркем әдебиет және оқу құралдарын толықтыру қажеттілігі айтылды. Облыс деңгейінде кітап қорын жаңарту және басқа да қолдау шаралары көрсетілетіні атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру