Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде ұлттық ойындардан сайыс өтті
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №8 мекемесінде жазасын өтеуші сотталғандар арасында ұлттық ойындардан тартысты сайыс ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
“Ұлттық ойын – халық қазынасы” демекші, жаза мерзімін өтеп жатқан азаматтардың бос уақытын тиімді пайдалану, ұлттық дәстүрге деген қызығушылықтарын арттыру және тәрбиелік мән беру мақсатында өткен спорттық іс-шара екі күнге созылды.
Шара Облыстық cазды балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директорының қолдауымен, қаламыздағы беделді әрі тәжірибелі спорт шеберлерінің қатысуымен өткізілді.
Бірінші күні 8 жасақ арасында асық ату, ләңгі тебу және тоғызқұмалақ ойындарынан сайыс өтіп, тартысты бәсекеге ұласты. Биылғы жарыстың ерекшелігі – алғаш рет қазақ халқының көне ойындарының бірі "Таяқ тарту" қосылды. Бұл ойын ертеден бері жастардың күш-қайратын, ептілігін сынайтын ұлттық спорт түрі болып саналады. Таяқ тарту кезінде екі ойыншы қарама-қарсы отырып, бір таяқты екі жаққа тартады. Кім қарсыласын өзіне қарай тартып алса немесе орнынан жылжытса, сол жеңімпаз атанады.
Спорттық додаға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болған сотталғандар медальдармен марапатталып, сазды балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің арнайы сыйлықтарына ие болды.