Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысы ПД бастығы аудан тұрғындармен есептік кездесу өткізді

Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы жұмыс сапарымен Хромтау ауданына барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жұмыс сапары аясында полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев Хромтау қаласына барып, тұрғындармен есептік кездесу өткізді.

Кездесуге аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов, аудандық мәслихат депутаттары, ішкі істер органдарының ардагерлері және Ақсақалдар кеңесінің өкілдері қатысты. Ашық диалог барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ халықтың полицияға деген сенімін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Департамент басшысы өңірдегі жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері туралы баяндап, қылмыс деңгейін төмендету бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Сонымен қатар "қадамдық қолжетімді полиция" қағидатын жүзеге асыру, цифрландыру үдерісін дамыту, бейнебақылау жүйесін кеңейту және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тұрғындар тарапынан көтерілген сауалдар бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сапар барысында өңірдің бас полицейі аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесіп, қызметтің басым бағыттарын айқындады. Ол қызметтік тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтау қажеттігін атап өтіп, жеке құрамға адал еңбегі үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ департамент басшысы полиция қызметкерлері жаттығатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болып, жасалған жағдаймен танысты. Қызметтік міндеттерді сапалы әрі тиімді орындау үшін жоғары физикалық даярлық пен салауатты өмір салтының маңыздылығы атап өтілді.

Жұмыс сапары Хромтау тау-кен техникалық колледжіне барумен қорытындыланды. Аталған оқу орны тау-кен өндіру саласына қажетті білікті мамандарды даярлайды. Сонымен қатар колледжде ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын оқыту жүзеге асырылады.

Кездесу барысында жастармен профилактикалық жұмысты күшейту, кәсіби бағдар беру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи технологияларды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру