Ақтөбе облысы ПД бастығы батыр полицей оқыған мектепте салтанатты жиынға қатысты
Ақтөбе облысы ПД бастығы батыр полицей оқыған мектепте салтанатты жиынға қатысты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектепте оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов арнайы қатысып, мектеп бітіруші түлектерге жүрекжарды тілектерін арнады.
Өз сөзінде департамент бастығы осы маңызды күні түлектерге жарқын болашақ, табысты еңбек жолы мен заң мен тәртіпке негізделген, адалдықты ту еткен саналы да салауатты өмір сүрулеріне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар ата-аналар мен ұстаздарға да тәрбиелі ұл-қыздарды, үздік шәкірттерді тәрбиелеудегі еңбегі үшін алғысын жеткізіп, жас түлектердің болашақта жарқын жетістіктерімен қуантатынына сенім артты.
Естеріңізге сала кетейік, түлектерінің басым көпшілігі білім ұясын үздік аяқтап отырған бұл мектепте қызметтік парызын өтеу барысында қаза тапқан батыр полицей Руслан Жолдыбаевтың есімімен аталған "Жас сақшы" полиция сыныбы бар. Бұл сыныпта оқушылар Отанға деген сүйіспеншілік, тәртіп пен жауапкершілік, құқықтық сауаттылық негіздеріне тәрбиеленуде.
Салтанатты шара барысында Абай Жусупов "Жас сақшы" сыныбының оқушыларымен де тілдесіп, оларға батыр ағаларының ерлігі әрқашан ел есінде қалатынын ерекше атап өтті және балаларды рухты, әрі батыл, оқуда озат болуға шақырды.