Ақтөбе облысы ПД бастығы патрульдік полицияның жеке құрамымен кездесті
Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев әкімшілік полиция басқармасының ғимаратына барып, патрульдік полиция бөлімшелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейімен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар барысында департамент басшысына қызметтік кабинеттер, кезекші бөлімдердің жұмыс жағдайы, қызмет барысында қолданылатын техникалық құралдар және қызметкерлерге жасалған тұрмыстық жағдайлар көрсетілді. Атап айтқанда спорт алаңы, психологиялық жеңілдету орталығы және қызметтік автокөліктерге арналған автожуу кешені таныстырылды.
Тексеру барысында жеке құрамның қызметтік міндеттерді орындауға дайындығына, тәртіп пен заңдылық талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды.
Одан кейін патрульдік полицияның жеке құрамымен кездесу өтті. Кездесу барысында полиция генерал-майоры патрульдік полиция қызметінің ағымдағы жылдың өткен кезеңіндегі жұмыс қорытындыларын шығарып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу тиімділігін арттыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейін көтеру, сондай-ақ азаматтармен қарым-қатынас мәдениетін жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар берді.
Департамент бастығы өңір көшелері мен жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын сақтау және халықтың полицияға деген сенімін арттыру басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
Кездесу соңында қызметтік міндеттерін адал әрі кәсіби деңгейде атқарған бірқатар полиция қызметкерлері департамент бастығының Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
