Ақтөбе облысы ПД-да еріктілерге құрмет көрсетілді
Ақтөбе облысы ПД-да еріктілерге құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 желтоқсанда бүкіл әлемде еріктілер күні атап өтіледі. Еріктілік – мейірімді жүректердің, қайырымды ниеттердің, өтемсіз еңбектердің жарқын көрінісі. Бұл мереке – басқаның қайғысына бейжай қарамайтын, жүректері жылуға толы жандарға лайықты құрмет көрсетудің тағы бір себебі.
Ақтөбеде еріктілер полицияға хабар-ошарсыз жоғалғандарды табуға, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор көмегін көрсетіп, полициямен бірлескен іздестіру және рейдтік шараларға да шығып жүр. Олардың ішінде әр саланың қызметкерлері – медицина мамандары, кәсіпкерлер, құрылысшылар, инженерлер, жас белсенділер т.б. бар.
Мереке қарсаңында Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов тәртіп сақшыларына белсенді көмек көрсетіп, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып жүрген еріктілерді құттықтап, қайырымды, әрі қоғамға пайдалы істері үшін алғысын жеткізді.
– Еріктілік – бүкіл әлемке жылу сыйлайтын ерекше миссия. Сіздердің еңбектерінің біз үшін, қоғам өмірі үшін аса бағалы, әрі маңызды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз, орасан зор пайдалы жұмыстарыңыз үшін, әріптестіктеріңіз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Сіздерге сарқылмас қуат, амандық, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз! – деді өзінің құттықтау сөзінде полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов.
Мереке аясында департамент бастығы 16 еріктіні алғысхатпен марапаттады, олардың ішінде «Зелло Поиск» еріктілер тобының мүшелері, полициямен бірлесіп рейдтік шараларға шығып жүрген еріктілер мен эко-белсенділер бар.
Еріктілер өз кезегінде, өздеріне зор сеніп білдіргені, үнемі қолдауы мен көмегі үшін полицейлерге ризашылығын жеткізді.
– Біздің «Зелло Поиск» еріктілер командасында 30-ға жуық ерікті бар. Әлеуметтік парақшамызда 70 мыңдай оқырман тіркелген. Жыл басынан бері полициямен бірлесе отырып, хабар-ошарсыз жоғалғанға қатысты 150-ден аса іздестіру шарасын жүргіздік, бақытымызға қарай олардың көпшілігі аман-есен табылды. Тәртіп сақшыларымен тығыз байланыстамыз, бізді ұмытпай, еңбегімізді әрдайым елейтініне ризамыз, – деді «Зелло Поиск» еріктілер тобының ұйымдастырушысы Екатерина Голотина.