Ақтөбе облысы ҚАЖД қызметкерлері қан тапсыру акциясына қатысты
Ақтөбе облысы ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және оған қарасты мекемелердің 50-ге жуық қызметкерлері Қайырымдылық күніне орай “Мейірімді жүрек” донорлық қан тапсыру акциясына қатысып, игі іс жасады. Қызметкерлер Ақтөбе облыстық қан орталығына барып, ерікті түрде донор атанды.
Бұл шараның негізгі мақсаты – қан тапшылығын азайтуға үлес қосу, науқастарға үміт сыйлау және қоғамға жанашырлық таныту. Қан донорлығы – тек медициналық қажеттілік қана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың адамгершілігі мен қайырымдылығын көрсететін маңызды қадам.
ҚАЖ қызметкерлері мұндай қайырымдылық акцияларына үнемі белсене қатысып келеді. Олар өздерінің азаматтық борышын сезініп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруді парыз санайды. Қан тапсыру арқылы олар тек денсаулығына пайдалы әрекет жасап қана қоймай, өзгелерге өмір сүруге мүмкіндік береді.
Қан орталығының мамандары донорларға ризашылығын білдіріп, олардың бұл ісі қан құюға мұқтаж науқастарға үлкен көмек екенін атап өтті. Осындай қайырымды бастамалар қоғамдағы жанашырлық пен мейірімділікті арттырып, адам өмірін сақтап қалуға зор ықпал етеді.
— Қылмыстық атқару жүйесі департаменті алдағы уақытта да мұндай игі бастамаларды жалғастырып, қоғамға пайдалы істерге белсене атсалысуды жоспарлап отырмыз, - деді Ақтөбе облыстық ҚАЖ департаменті тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің бастығы Сабржан Нуртазин.