Ақтөбе облысы тағы бір заманауи үлгідегі учаскелік полиция пунктімен толығады
Ақтөбе облысы тағы бір заманауи үлгідегі учаскелік полиция пунктімен толығады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров және Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов Мәртөк ауданының Сарыжар ауылында салынып жатқан жаңа учаскелік полиция пунктінің құрылысымен танысты.
Азаматтар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалған заманауи үлгідегі жаңа полиция ғимаратын алдыңғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ғимараттың жалпы көлемі – 140 шаршы метрді құрайды. Мұнда келушілерді қабылдауға арналған 2 жұмыс кабинеті, ас бөлмесі, демалыс бөлмесі, сондай-ақ балаларға арналған ойын бөлмесі де болады. Қазіргі уақытта тұрғындарының саны 6 мыңнан асатын Сарыжар ауылына 2 учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді.
Жаңа ғимараттың құрылысымен танысу кезінде өңір басшысы Асхат Шахаров сервистік үлгідегі жаңа ғимараттың халықтың өтініштері мен құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюына оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Абай Жусупов бұл полицияның ашықтығы мен қолжетімділігі үшін жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жасалып отырған маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар облыс әкімдігінің қолдауымен өңірдегі әр ауданның полиция бөліміне ГАЗ (Соболь) автокөлігі табысталды. Бұл 12 жаңа көлік құралы кезекші бөлімдердің қызметінде пайдаланылатын болады.