Ақтөбе облысында 103 адамға алкогольді ішімдік ішуге тыйым салынды
Ақтөбе облысында 103 адамға алкогольді ішімдік ішуге тыйым салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24-30 қаңтар аралығында тұрғылықты жері бойынша ІІО-да есепте тұрған адамдарды тексеру мақсатында Ақтөбе облысының аумағында «Тұрмыс» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Облыстық ПД ЖПҚБ бастығы Ардана Саймағамбетовтың айтуынша, тұрмыстық қылмыстардың көпшілігі мас күйінде жасалады. Осыған байланысты жалпы профилактиканың маңызды аспектісі – алкоголизммен күрес болды.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыс жасауды болдырмау үшін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы шаралардың бірі – қорғау ұйғарымдарын шығару және құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу.
Жедел алдын алу іс-шарасының барлық кезеңінде, яғни жеті күн ішінде учаскелік полиция инспекторлары 408 қорғау нұсқамасын шығарды, соттар 108 құқық бұзушылардың жүріс-тұрысына ерекше талап қойды, оның ішінде 103 құқық бұзушыға қатысты алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынды.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша (Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін) 137 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 23 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция бөлімдеріне 56 қолайсыз отбасы есепке қойылды. Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуден және оқытудан жалтарғаны үшін 22 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, «мас» қылмыстың алдын алу мақсатында спирттік ішімдіктер ішкені және қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін 340 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 156 құқық бұзушы бейімдеу орталығына жеткізілді.