Ақтөбе облысында батыр-полицейдің атына “Жас сақшы” сыныбы ашылды
Ақтөбе облысында батыр-полицейдің атына “Жас сақшы” сыныбы ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
13 наурызда қайсар болмыс пен антына адалдықтың айқын үлгісі болған милиция аға лейтенанты Айса Қартовтың есімі ұлықталып, өзі оқыған Қобда ауданындағы Ақырап орта мектебінде батырдың атына “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды.
Ақтөбе қаласы ІІБ учаскелік полиция инспекторы Қартов Айса Ақдәулетұлы 1992 жылдың көктемінде кешкі уақытта бұрын сотталған есептегі адамның үйіне тексеруге барған кезде бірнеше сыбайласымен алкогольдік мас күйде болған олар күтпеген жерден тәртіп сақшысының арқасына асхана пышағын сұққан. Алған жарақатына қарамастан, милиция аға лейтенанты А.Картов өзінің батылдығы мен қырағылығын танытып, саны басым қылмыскерлермен ақырына дейін алысып, ерлікпен қаза болды.
Батыр-полицейдің ерлігі мен жанқиярлығын айшықтау және мәңгі үлгі ету мақсатында өткізілген шараға Қобда ауданы полиция бөлімінің жеке құрамы, ІІО ардагерлері, жергілікті органдар, батырдың отбасы – жары, балалары мен бауырлары қатысты.
— Ақырғы демі қалғанша антына адал болған Айса Ақдәулетұлының ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ел үшін жанын қиған еріміздің есімін ұлықтау және үлгі ету мақсатында бүгін ашылып отырған полицей сыныбының өрендері болашақта еліне адал қызмет ететін азаматтар боларына сеніміміз мол, - деп Қобда ауданы ПБ бастығы Е.Мырзатаев ерекше толқыныста болған батырдың отбасына қолдау мен алғыс сөздерін сөздерін арнады.
Ауылдағы 7-сыныптың 9 оқушысы тәжірибелі тәртіп сақшыларының алдында мақтанышпен, әрі толқыныс сезімімен салтанатты түрде адалдық антын беріп, Айса Қартов атындағы “Жас сақшы” сыныбына ресми түрде қабылданды. Сонымен қатар шарада полиция бөлімі мен мектеп басшылығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, алдағы бірлескен жұмыстың бағытын айқындады.