Ақтөбе облысында ерлікпен қаза тапқан полицейдің есімі ұлықталды
Ақтөбе облысында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейдің атына өзі оқыған мектебінде АӘД сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 мамырда Қауылжыр ауылының орта мектебінде мектеп түлегі, қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан ҚР ІІМ «Сұңқар» арнайы жасағының бөлімше командирі, полиция майоры Айболат Иманбаевтың атындағы әскери даярлық кабинеті ашылды.
2011 жылдың шілдесінде Айболат Иманбаев Ақтөбе облысы Шұбаршы ауылында аса қауіпті қарулы қылмыстық топты құрықтау бойынша жедел-іздестіру операциясына қатысты. 8 шілдеде іздеуде жүрген топ Кеңқияқ ауылынан табылды. Жеке үйді паналаған қылмыстық топ қарулы қарсылық көрсетті. Атыс басталды. Айболат екінші шабуыл тобын басқарды. Осы операция кезінде полиция майорына қылмыскер жасырынған жерінен оқ жаудырып, салдарынан Айболат Иманбаев оқиға орнында қаза болды.
Заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қорғау кезінде көрсеткен табандылығы мен батырлығы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Айболат Иманбаев қайтыс болғаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Батырды еске алу, есімін ұлықтау шарасына батырдың туыстары, «Сұңқар» арнайы жасағының Ардагерлер одағының және Ақтөбе облысы ПД Ардагерлер кеңесінің төрағалары, Шалқар ауданы полиция бөлімінің басшылығы, аудан әкімінің орынбасары қатысты.
Сонымен қатар оқушылар арасында футболдан турнир өтті. Шара барысында Айболат Иманбаевтың анасы Жамила Үмбетиярқызына «Полицейдің анасы» төсбелгісі, ал батырдың оқыған мектебіне спорттық жабдық табыс етілді.