Ақтөбе облысында есірткі пайдаланған тұрғын жазасын қоғамдық жұмыспен өтеп жүр
Ақтөбе облысында есірткі пайдаланған тұрғын жазасын қоғамдық жұмыспен өтеп жүр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі пайдаланғаны үшін 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылу жазасы тағайындалып, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мәртөк аудандық пробация қызметінің есебіне алынған аудан тұрғыны пробация қызметкерлерінің бақылауымен жазасын қоғамдық жұмыспен өтеп жүр.
Пробация қызметкерлерінің айтуынша, есепте тұрған азамат күніне төрт сағаттан жергілікті әкімдік белгілеген қоғамдық орындарда қар, қоқыс тазалау секілді жұмыстарды атқарып жүр.
– Қоғамдық жұмыспен айналысу үшін сотталғандардан еңбек біліктілігі талап етілмейді және есепте тұрғандар тұрғылықты жері бойынша қоғам үшін пайдалы түрде жазасын өтейді. Яғни, егер есепте тұрған азамат ауылда тұрса, қылмыс жасаған жеріне қарамастан сот белгілеп берген қоғамдық жұмыс сағаттарын тұрғылықты жері бойынша өтейді, – дейді Мәртөк аудандық пробация қызметінің бастығы Серік Шабиков.