Ақтөбе облысында есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан күдікті ұсталды
Ақтөбе облысында есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қаңтарда Ақтөбе қаласында полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында заңсыз есірткі сақтады деген күдікпен жас жігітті ұстады. Жеке тінту барысында оның күртесінің қалтасынан 25 түйіншек табылды. Олардың ішінде зип-пакеттерге салынған ақ түсті, ерекше иісі бар заттар болды.
Сараптама қорытындысымен бұл заттар мефедрон екені анықталды. Тергеп-тексеру барысында ұсталған 22 жастағы жігіт бірнеше күн бұрын Telegram арқылы құжаттарын жолдап, есірткі таратуға жұмысқа орналасқанын және осы қосымша арқылы «жұмыс берушіден» бірнеше нұсқау алып, соңғы үш күнде Ақтөбе қаласында барлығы 54 жерге есірткі жасырғанын айтты.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Күмәнді жолмен ақша табуды көздеген жігіт үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.