Ақтөбе облысында ІІО ардагерлер күніне орай салтанатты іс-шара өтті
Ішкі істер органдарының ардагерлер күніне орай Ақтөбе облысы полиция департаментінде ардагерлерді құттықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты іс-шара департамент ғимараты алдындағы қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориалға гүл шоқтарын қоюдан басталды. Жиналғандар ерлікпен қаза тапқан әріптестерінің рухына бір минут үнсіздік жариялап, тағзым етті.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Рустам Апсеттаров ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, ішкі істер саласына сіңірген еңбектері, адал қызметтері мен жас ұрпаққа үлгі боларлық өнегелері үшін зор алғысын жеткізді. Сондай-ақ ол ардагерлерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығы мен сарқылмас өмірлік қуат тіледі.
Іс-шара барысында жас тәртіп сақшыларын тәрбиелеуге үлес қосқан ардагерлерге алғыс хаттар табысталды. Олардың көп жылдық тәжірибесі, кәсібилігі және тәлімгерлік еңбегі департамент басшылығы тарапынан ерекше атап өтілді.
Рухани бай, жылы шырайлы кездесу мерекелік дастархан басында жалғасты. Ардагерлер өз қызмет жылдарын еске алып, өмірлік тәжірибелерімен және естеліктерімен бөлісті.
Полиция ардагерлерге әрдайым қамқорлық көрсетіп, олардың қоғамдағы орнын жоғары бағалайды. Ұрпақтар сабақтастығын сақтау — ұжымдық рух пен патриоттық тәрбие негіздерінің бірі болып саналады.
