Ақтөбе облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері талқыланды
Ақтөбе облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов интернет-алаяқтықпен күрес шаралары туралы баяндады. Оның мәліметінше, жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 626 дерегі тіркелген. Мұндай қылмыстар санының өсуіне қарамастан, ашу деңгейі жоғары – шамамен 75%.
- Киберқылмыстың басты қиындығы – олардың жасырын түрде жасалуы және тез таралуы. Дегенмен біз заманауи мониторинг және талдау жүйелерін белсенді қолданамыз, бұл қылмыстық әрекеттерді жедел анықтап, жолын кесуге мүмкіндік береді. Профилактиканың маңызды құралы ретінде әлеуметтік желідегі "STOP-алаяқтық" арнамыз, бейнероликтер және еңбек ұжымдарымен, студенттермен кездесулер өткізу болып табылады. Біз азаматтардың хабардарлығын арттырып, алаяқтық схемалардан сақтандыруға күш саламыз, – деді Ардана Саймағамбетов.
Асхат Шахаров алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын күшейту үшін бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, барлық мемлекеттік орган жиналыстарында цифрлық сауаттылық мәдениетін қалыптастыру мақсатында профилактикалық уақыт енгізу, тұрғындар көп жиналатын жерлерге, әлеуметтік мекемелерге ақпараттық стендтер орнату, ақпараттық науқандарға танымал тұлғаларды тарту және ірі онлайн-қарыздарға шектеу қою бар.
Отырыста сондай-ақ қоғамдық орындарда, оның ішінде көшеде тіркелген және мас күйінде жасалатын қылмыстардың жай-күйіне талдау жасалды. Есепті кезеңде облыста оң динамика байқалады: көше қылмысы – 11,6%-ға, қоғамдық орындардағы қылмыс – 7,4%-ға, мас күйіндегі қылмыс – 2,1%-ға азайған. Қылмыстарды ашу деңгейі 5,4%-ға өскен.
Дегенмен, қылмыс деңгейін одан әрі төмендету және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру үшін біршама шара ұсынылды. Олардың ішінде – алкоголь өнімдерін сатуға лицензиясынан айырылған мекемелерге бақылауды күшейту, рұқсатсыз алкоголь өнімдерін сататын орындарды тексеру, тәуелді адамдарға медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту, ойын-сауық орындарының жұмыс уақытын шектеу және олардың бейнебақылау камераларын полицияға қосу бар.