Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында патрульдік полицей аязда қалған шетелдік жүргізушіге көмек көрсетті

Ақтөбе облысында патрульдік полицей аязда қалған шетелдік жүргізушіге көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астрахань – Ақтөбе тасжолының бойында, Жарлы ауылы тұсында қақаған қыс өзінің қатал мінезін көрсетті. -25 градус аязда Түркия азаматы тізгіндеген жүк көлігінің жылыту жүйесі істен шығып, жүргізуші түнгі жолда қиын жағдайға қалды.

Дәл осы сәтте көмекке келген патрульдік полиция ротасының инспекторы Ғани Ағыс нағыз адамгершілік, жанашырлық пен қазақи қонақжайлықтың үлгісін көрсетті. Тәртіп сақшысы үсу қаупі төнген шетелдік азаматты алдымен өз үйіне апарып, жылы дастархан басында бойын жылытуға жағдай жасады.

Жүргізуші әбден жылынып, бойын жазған соң, инспектор оны Қарауылкелді ауылындағы қонақүйге жеткізіп, жайлы тынығып алуын қадағалады.

Қызметтік міндетке адалдық қана емес, қазақи қонақжайлық пен шексіз мейірім де осы оқиға арқылы айқын көрінді. Тәртіп сақшысының бұл игі ісі нағыз офицерге тән жүректілік пен қамқорлықтың үлгісі болып қала бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру