Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында ПД бастығы білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жағдайын тексерді

Ақтөбе облысында ПД бастығы білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жағдайын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысын полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Каһарман Оразалинмен "2026 жыл – Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі" жылы аясында облыс орталығындағы бірқатар білім беру ұйымдарын аралады.

Сапар барысында басшылар мектептердің қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйімен танысып, өткізу режимінің ұйымдастырылуын, бейнебақылау камераларының, дабыл түймелерінің, хабарлау және өрт дабылы жүйелерінің жұмысын тексерді.

Сондай-ақ білім беру нысандарының терроризмге қарсы қорғалу деңгейіне, жеке күзет ұйымдарымен өзара іс-қимылына және төтенше жағдайлар кезіндегі қызметкерлердің әрекет ету алгоритмдеріне ерекше назар аударылды.

Қайыркен Әлиев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық мемлекеттік органдар үшін басым міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, буллингтің, интернет-алаяқтықтың және өзге де қауіптердің жолын кесу полиция, педагогтер мен ата-аналардың жүйелі әрі бірлескен жұмысын талап етеді.

– Біздің ортақ мақсатымыз – әрбір баланың мектеп қабырғасында да, одан тыс жерде де өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау. Қауіпсіздік тәртіптен, жауапкершіліктен және барлық мүдделі тараптардың тығыз ынтымақтастығынан басталады, – деді ол.

Өз кезегінде ТЖД өкілдері білім беру мекемелерінің ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын, эвакуациялық шығу жолдарының жағдайын, эвакуация жоспарларының болуын және оқу-жаттығулардың өткізілуін тексерді.

Мектеп басшыларына анықталған кемшіліктерді жою және қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша нақты ұсынымдар берілді.

Осындай тексеру және профилактикалық іс-шаралар өңірдің басқа да білім беру ұйымдарында жалғасатын болады. Балалардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі облыс басшылығының тұрақты бақылауында.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру