Ақтөбе облысында полицейлер автожолдарда жүргізушілерге бағыт-бағдар көрсетті
Ақтөбе облысында полицейлер автожолдарда жүргізушілерге бағыт-бағдар көрсетті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2 қаңтарда Ақтөбе облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты барлық автомобиль жолдары уақытша жабылды. Өңір аумағында қатты қар жауып, бұл жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірді.
Шектеулер енгізілген кезеңде тұрақтарда, автокемпингтерде және автомобиль жолдарының бойында жеңіл көліктер, жолаушылар автобустары мен ауыр жүк көліктерін қоса алғанда, мыңнан аса көлік құралдары жиналды. Полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар қызметі жағдайды тәулік бойы бақылап, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
3 қаңтарда таңертең өңірдегі ауа райы жағдайы тұрақталды. Жол жамылғысының жай-күйі мен қауіпсіздік деңгейі бағаланғаннан кейін қозғалысты кезең-кезеңімен қайта жандандыру туралы шешім қабылданды.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері көлік құралдарын колонналарға біріктіріп, оларға бағыт-бағдар беру жұмысын ұйымдастырды. Қозғалыс патрульдік экипаждардың бақылауымен, белгіленген жылдамдық режимін және барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүзеге асырылуда.
Полиция жүргізушілерді қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, ауа райы жағдайын ескеруге және полиция қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға шақырады. Өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.
