Ақтөбе облысында полицейлер көктайғақ кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті
Ақтөбе облысы аумағында ауа райының күрт нашарлап, жауын-шашынның түсуіне байланысты автожолдарда көктайғақ пайда болып, көлік қозғалысы қиындады. Қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты облыс полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жедел түрде күшейтілген қызметтік режимге көшті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында келесі бағыттар бойынша барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді:
-
Ақтөбе қаласынан Қандыағаш қаласына дейін;
-
Ақтөбе қаласынан Қарабұтақ елді мекеніне дейін.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жолдар ашыла бастаған сәттен бастап полиция экипаждары көліктерді колоннамен сүйемелдеп, олардың қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалуын қамтамасыз етуде.
Қазіргі уақытта ауа райы біртіндеп тұрақталып, жол жағдайы қалыпқа келуде. Полиция қызметкерлері қозғалысты кезең-кезеңімен ашып, ахуалды толық бақылауда ұстап отыр.
— Құрметті жүргізушілер! Жолға шығар алдында автожолдардың жай-күйі туралы нақты ақпаратты алдын ала біліп, жылдамдық режимін сақтап, қауіпсіз арақашықтықты ұстануларыңызды сұраймыз. Сақтық — қауіпсіздіктің кепілі, — деп ескертеді полицейлер.
