Ақтөбе облысында полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 34 шетел азаматын анықтады
Ақтөбеде "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған 34 шетелдік азаматты анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Олардың 20-сы сот шешімімен ел аумағынан шығарылды. Тексеру кезінде көпшілігінің құрылыс нысандарында заңсыз жұмыс істегені белгілі болды.
Сонымен қатар іс-шара аясында 200-ден астам кәмелетке толмаған жасөспірім полиция бөлімдеріне жеткізілді. Оның ішінде 14 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Полиция қызметкерлері 837 жалдамалы пәтерді тексеріп, олардың 578-інде тұрғын үйді салық органдарында тіркемей жалға беру деректерін анықтады. Бұл — салық заңнамасын бұзу болып табылады.
Іс-шара кезінде азаматтық қару иелеріне де ерекше назар аударылды. Тіркелген қару иелерінің 60 пайыздан астамы тексеруден өтті. Қару сақтау және алып жүру ережелерін бұзған 11 адамның атыс қаруы тәркіленіп, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса, заңсыз айналымнан 7 тіркелмеген қару алынды.
Еске сала кетсек, "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 қарашаға дейін жалғасады. Оның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ тұрғын үй секторындағы құқықтық тәртіп деңгейін арттыру болып табылады.