Ақтөбе облысында полицейлер мас күйде көлік басқарған жүргізушіні қуып жетіп, құрықтады
Ақтөбе облысында полицейлер мас күйде көлік басқарған жүргізушіні қуып жетіп, құрықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының Хромтау қаласында түнгі уақытта патрульдік полиция экипажы жол бойымен бірде оңға, бірде солға ауытқып қозғалған ВАЗ автокөлігін байқап, оның тоқтауын талап етті. Алайда жүргізуші полиция талабына бағынбай, жылдамдығын арттырып, бой тасалауға тырысқан.
Полиция автокөлікті қуып жетті. Көлік тізгінінде 38 жастағы азамат болған. Тексеру барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі сезіліп, медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын растады.
Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері мас күйде көлік басқарған, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне нақты қауіп төндірген 103 жүргізушіні анықтаған.
Полиция мас күйде көлік басқару — жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу екенін және мұндай әрекеттердің ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін еске салады. Алкоголь адамның зейінін төмендетіп, реакциясын баяулатады, сондай-ақ жол жағдайын дұрыс бағалау қабілетін әлсіретеді.
Осыған байланысты полиция жүргізушілерді жауапкершілік танытуға, мас күйде рөлге отырмауға және ойланбай қабылданған бір ғана шешім айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармауға шақырады.
