Ақтөбе облысында полицейлер жас сақшылармен профилактикалық кездесу өткізді
Ақтөбе облысында полицейлер жас сақшылармен профилактикалық кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда интернет әр адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Сол себепті балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру мен онлайн кеңістікке деген жауапкершілігін ерте жастан қалыптастыру аса маңызды. Осы мақсатта Жетісу облысының киберполиция басқармасы Талдықорған қаласындағы №18 мектептің "Жас сақшы" кадеттерімен профилактикалық кездесу өткізді.
Іс-шараға 50-ден астам жас кадет қатысып, киберполиция қызметкерлерінен интернеттегі алаяқтықтың заманауи түрлері мен киберқатерлерден қорғанудың тиімді тәсілдері жөнінде пайдалы мәлімет алды. Болашақ құқық қорғаушылар ретінде олар енді алған білімдерін өз қатарластарына және ересектерге жеткізіп, қоғамдағы цифрлық қауіпсіздік мәдениетінің артуына үлес қоспақ.
Полицейлер ерекше назарды бүгінде кең таралған қылмыстық сызбалардың бірі — дропперлікке аударды. Кадеттерге дропперлердің кім екені, олардың әлеуметтік желілер арқылы қалай арбауға тырысатыны және мұндай заңсыз әрекеттерге қатысудың салдары, соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі түсіндірілді.
Сонымен қатар қатысушылар кибералаяқтардың жаңа айла-тәсілдерімен де танысты. Қаскөйлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ғана емес, онлайн ойындарда да белсенді әрекет етіп, жас қолданушылардың сенгіштігі мен тәжірибесіздігін өз пайдасына асырады.
Киберполиция өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, жастар арасында цифрлық мәдениетті нығайту мен онлайн қауіпсіздікке саналы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Өйткені қауіпсіз цифрлық болашақ дәл мектеп қабырғасынан басталады.