Ақтөбе облысының полицейлері заңсыз есірткінің 30 мыңнан астам дозасының айналымға шығуының жолын кесті
Ақтөбе облысының полицейлері заңсыз есірткінің 30 мыңнан астам дозасының айналымға шығуының жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қыркүйек күні түнгі уақытта Мұғалжар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Ақтөбе облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп «Қарасора – 2023» ЖПІШ шеңберінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, Ақтөбе – Астрахань трассасының 90-шақырымында облыстың 35 жастағы тұрғынының басқаруындағы Ваз-2110 автокөлігін тоқтатты.
Автокөлікті тінту барысында жүксалғыштан өсімдік тектес, жасыл түсті ерекше иісі бар зат салынған пакет табылды және тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған зат жалпы салмағы 26 келі 500 грамм болатын кептірілген марихуана есірткі заты болып шықты.
Осы факті бойынша ұсталған адамға қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жиналған дәлелдемелер негізінде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.