Ақтөбе облысында полиция жолдағы бақылауды күшейтті
Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара аясында полицейлер өңірдегі автожолдарда бақылауды күшейтті. Әсіресе жолаушы тасымалдаумен айналысатын көліктерге және шетелдік нөмірлі автокөліктерге ерекше назар аударылуда.
Рейдтік іс-шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері шетелдік нөмір таққан Subaru автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде көлік жүргізушісінің соңғы екі айда жылдамдық режимін асырып, 19 әкімшілік айыппұл төлемегені анықталды. Көлік айыппұл толық төленгенге дейін арнайы тұраққа қойылды.
Полиция барлық жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Ереже бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.