Ақтөбе облысында полицияға тіркелмеген 26 қару тапсырылды
Ақтөбе облысында полицияға тіркелмеген 26 қару тапсырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолданудың алдын алу мақсатында 25 сәуірден бастап республика аумағында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы басталды.
Бүгінде полицияға 26 қару, оның ішінде алты ойық және 20 тегіс ұңғылы қару, сондай-ақ ойық ұңғылы қаруға 100 оқ-дәрі өз еркімен тапсырылды.
Ақтөбелік тәртіп сақшылар қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың әрбір бірлігі үшін оның техникалық жай-күйіне байланысты республикалық бюджеттен төлем көзделгенін еске салады. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырудың барлық мәселелері бойынша азаматтар ІІО қызметкерлеріне жүгіне алады.
Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.