Ақтөбе облысында ҚАЖ мекемелеріне қоғамдық мониторинг жүргізілді
Ақтөбе облысында ҚАЖ мекемелеріне қоғамдық мониторинг жүргізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесінің заңдылық, құқықтық тәртіп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия мүшелері ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің Ақтөбе облысы бойынша өкілімен бірлесіп, өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне қоғамдық мониторинг ұйымдастырды.
Қоғамдық мониторингтің негізгі мақсаты – бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайды бағалау, қамаудағылардың құқықтарының сақталуын қадағалау, сондай-ақ оларды еңбекпен қамту мәселелерін зерделеу.
Атап айтқанда, мониторинг барысында мына бағыттарға назар аударылды: қамаудағыларды бас бостандығынан айыру орындарында ұстау жағдайлары; сотталғандарды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері; қамаудағылардың құқықтарының қорғалу деңгейі.
Қоғамдық кеңес мүшелері ҚАЖ комитетінің №70, №8 және №9 мекемелерін аралап, сотталғандардың тұрмыс-тіршілігімен, еңбекпен қамтылуымен, медициналық қызмет көрсетілуімен және құқықтарының сақталуымен танысты.
Аралау барысында бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылды. Комиссия мүшелері аталған мәселелерді тиісті мемлекеттік органдардың қарауына ұсыну қажеттігін атап өтті. Қоғамдық мониторингтің нәтижелері бойынша арнайы қорытынды дайындалып, ұсыныстар әзірленетін болады. Бұл ұсыныстар қамаудағылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға, ҚАЖ мекемелеріндегі жағдайды жақсартуға және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етпек.