Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында қырағы азаматтардың көмегімен мал ұрлағандар ұсталды

Ақтөбе облысында қырағы азаматтардың көмегімен мал ұрлағандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

26 қазанда күндізгі уақытта Ақтөбе облысы Кірпішті ауылы тұрғынының ақ түсті ешкісі жоғалған. 51 жастағы тұрғын жалғыз ешкісін таңертең сағат 08:30-да ауылға жақын маңдағы жайылымға арқанмен байлап қалдырып, кешке орнынан таппаған. Мал иесі алдымен өз күшімен жақын маңдағы аумақтарды аралап, адамдардан сұрастырып, іздей бастаған.

Осы кезде ауыл аумағында баласымен бірге келе жатқан басқа әйел адам далалық жерде ешкі сойып жатқан екі ер азаматты көрген. Сыртта жасырынып мал сойып жатқан жігіттердің әрекетіне күдіктенген азаматша бірден полицияға қоңырау шалып, ауыл тұрғындарына хабарлаған. Мал союшылар қашып кетуге тырысқанымен, сол ауылдың қырағы азаматтары оларды өз күштерімен қолға түсіріп, полиция келгенше ұстаған.

Полиция қызметкерлері күдіктілерді полиция бөліміне жеткізді. Олар бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотталған қала тұрғындары болып шықты.

Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай айғақтар алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру