Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында қызметте ерекше көзге түскен полицейлерге марапаттар табысталды

Ақтөбе облысында Қазақстан полициясы күніне орай салтанатты іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шара барысында Облыстық ПД-ның жеке құрамы қызметтік парыздарын атқару кезінде қаза болған әріптестерін еске алып, жас полицейлер адал қызмет етуге ант етті.

Жиында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, департамент бастығы Абай Жусупов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Даулеталин және ІІО ардагерлері қызметтік борышын атқару кезінде қаза болған қызметкерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, алаңда сап түзеген полицейлер қаһарман әріптестерін үнсіздікпен еске алды.

Облыс әкімі ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін тәртіп сақшыларын кәсіби мерекесімен құттықтады.


– Полиция сапында қызмет ету – әрбір азамат үшін үлкен абырой. Сіздер өз міндеттеріңізді мүлтіксіз орындап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келесіздер. Адал қызметтеріңіз үшін баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін! Бұл бағытта жас мамандарды тәрбиелеу жұмысына белсене араласып жүрген ақсақал ардагерлер мен аға буын өкілдеріне алғысымыз шексіз. Сонымен қатар өңір тұрғындарының қауіпсіз болашағы үшін қызмет бабында жанын пида еткен батыр полицейлердің туыстарына да ризашылығымды білдіремін, – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Жиында полиция қатарын жаңадан толықтырған 10 жас қызметкер елге адал қызмет етуге салтанатты түрде ант беріп, қызметте ерекше көзге түскен полицейлерге ІІМ, ПД басшылығының марапаттары табысталды. Сондай-ақ ПД басшысы құқық қорғау қызметіне елеулі үлесін қосқан ІІО ардагерлерін марапаттады.

ҚР ІІМ бұйрығымен мерзімінен бұрын ПД бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов, тергеу басқармасының бастығы Бауыржан Асауп пен ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мақсат Шляшевке полиция полковнигі, ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Әділет Имамадиновке полиция подполковнигі арнайы атақтары берілді. “Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен – 3, 1-дәрежелі “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгісімен – 3 қызметкер марапатталды.

ПД бұйрығымен 5 қызметкерге грамота, 4 қызметкерге алғыс хат табысталды.
Іс-шара барысында ПД бастығы Абай Жусупов жас қызметкерлерді тәрбиелеуге ерекше үлес қосқан ІІО ардагерлерін және жас қызметкерлердің ата-аналарын да марапаттады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру