Ақтөбе облысында рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан жеке меншік компанияға айыппұл салынды
Көлік полицейлері жеке меншік компанияға рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін айыппұл салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Заңсыз келуші – 2023» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Ақтөбе облысының Әйтеке би станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері теміржол вокзалының ғимаратында едендік плиткаларды төсеумен айналысқан Өзбекстан Республикасының үш азаматын анықтады. Құжаттарын тексеру кезінде шетелдіктердің өз жұмыстарын заңсыз жүзеге асырғаны анықталды.
Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, Әйтеке би аудандық сотына жолданды. Сот шешімімен шетелдік құқық бұзушыларға қатысты әрқайсысына бір тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысты жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін көлік полицейлері ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, 100 АЕК (345 000 тг) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін 823 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 192-сі елден тысқары шығарылды. Сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды жұмысқа қабылдау жөніндегі заңнаманы бұзғаны үшін Қазақстанның 177 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.