Ақтөбе облысында сотталғандарды еңбекпен қамту және әлеуметтік бейімдеу мәселелері талқыланды
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен облыс әкімдігі сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу мәселелерін талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Ш.Есенкелдиев облыс әкімдігінде өткен онлайн-конференцияға қатысып, сотталғандарды еңбекпен қамту және олардың қоғамға қайта бейімделуін арттыру мәселелерін талқылады.
Кеңес барысында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы А.Дәлібайдың 2025 жылғы 20 қазандағы №25-52-4.4 хаттамасымен берілген тапсырмаларды орындау шеңберінде қарастырылған негізгі бағыттарға ерекше назар аударылды.
Жиында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен мемлекеттік қатысуы бар компаниялар арқылы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі өндірістерге тапсырыстарды орналастыру, бизнестің және жергілікті атқарушы органдардың өзара ынтымақтастығын нығайту мәселелері қаралды.
Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін салықтық және өзге де жеңілдіктер енгізу, сотталғандарды қайта даярлау мен біліктілігін арттыру мақсатында оқыту орталықтарын ашу, сондай-ақ сотталғандарды еңбекпен қамту көрсеткішін әкімдіктердің қызметін бағалау жүйесіне енгізу туралы ұсыныстар талқыланды.
Әділет полковнигі Ш.Т. Есенкелдиев өз сөзінде:
- Біздің басты мақсатымыз – сотталған азаматтарды еңбекпен қамту арқылы оларды түзеу және қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Бұл бағытта облыс әкімдігі мен бизнес-қоғамдастықтың қолдауы аса маңызды, – деп атап өтті.
Кездесу қорытындысында Ақтөбе облысы әкімдігі мен ҚАЖ департаменті сотталғандарды жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу бағытында бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыру жөнінде уағдаласты.
