Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында сталкингтің алдын алу форумына 300-ден астам студент қатысты

Ақтөбе облысында сталкингтің алдын алу форумына 300-ден астам студент қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе қаласында "Шекарадағы диалог: Қауіпсіздік. Келісім. Заң" атты форум өтті. Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, полиция мен прокуратура өкілдері, депутаттық корпус қызметкерлері, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң талаптарын сақтау және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылау болды. Оған өңірдегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарының 300-ге жуық студенті қатысып, өз пікірін білдірді.

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сөз сөйлеу барысында сталкингтің алдын алу тек жергілікті атқарушы органдар, қоғам және отбасы бірлескен әрекеті арқылы тиімді жүзеге асатынын атап өтті.

Облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Суентаев сталкинг ұғымын түсіндіріп, оның түрлері мен жәбірленушілерді қорғаудың құқықтық тетіктеріне тоқталды. Сондай-ақ ол мұндай әрекеттердің жол берілмейтінін және заңнамада көзделген жауапкершіліктің бар екенін еске салды.

Форум барысында студенттерге сталкингтің алдын алу шаралары, оның белгілерін қалай анықтау керектігі және қудалау жағдайында қайда жүгінуге болатыны түсіндірілді. Сонымен қатар, қалыңдық ұрлау және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық сияқты өзекті әлеуметтік мәселелер де қарастырылды.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес алды. Форум қорытындысы бойынша мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және зорлық-зомбылық пен заң бұзушылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру